Назад

Қорғалжын қорығында жаңа стелла ашылды

12.08.2019

Қорғалжын мемлекеттік табиғат қорығы аумағында Еуразиялық Топтың (ERG) қолдауымен тұрғызылған стелла ашылды. Шараға Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті мен «Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау» корпоративтік қорының өкілдері қатысты.

Компания қорықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға тұрақты жәрдемдесіп келеді. Өз кезегінде бұл жүргізілетін ғылыми зерттеулер мен ерекше қорғаудағы жануарлар әліміне жасалатын мониторинг сапасын арттыруға сеп. Мәселен, тек биылдың өзінде инспекторларға 2 мотоцикл, 3 өртке қарсы мотопомпа жиынтығы, 3 өрт сөндіруге қажетті резервуар, фотообьектив пен штатив, дүрбілер мен арнайы фотоқақпандар сатып алынған. Қорық қызметкерлері осы жабдықтар аумақтағы сирек кездесетін құстар мен аңдарды күзетуге, бақылау мен олардың тыныс-тіршілігіне мониторинг жүргізуде айтарлықтай септігігін тигізіп отыр. 

– Бүгінде Еуразиялық Топ қоршаған ортаға деген жанашырлық, Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтауға деген қамқорлық пен табиғатты қорғаудың жарқын үлігісін көрсетіп отыр. Қорықтың басты символы – қоқиғаз бейнеленген бұл стелла дамудың нышаны. Бүгін осы қуанышымызды бөлісуге келген баршаңызға алғыс айтамын,- деді «Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау қоры» корпоративтік қоры дирекциясының жетекшісі Асылхан Асылбеков.

Еуразиялық Топ Қорғалжын табиғат қорығына 2015 жылдан бері тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Осы аралықты оның материалдық-техникалық базасы нығайтылып, «құс жолының құт мекені» атанған аумақтың 3D туры, арнайы күнтізбе шығарылды. Ірі құстар мен киіктің әуе есебі жүргізіліп, жыл сайын «Қоқиғаз» фестивальі өткізіліп келеді.

Бұдан бөлек, су қоймаларын қалпына келтіру, суаттарды реттеу, сирек және жойылып бара жатқан құстардың қайту-келу жолындағы қоректену және тынығу, ұя салатын орындарын қорғауға күш салынады. Тұщы көлдерді қамыстың қаптауынан қорып, қорықтың веб-сайты әзірленген. Міне осы мақсаттарға бөлінген қаражат көлемі 37 млн теңгеден асып жығылады.  

ERG кәсіпорындары өздері орналасқан өңірлердің қоршаған ортасын қорғауға тұрақты үлес қосып келеді. Еуразиялық Топ кәсіпорындары көктем сайын сенбілік жасап, көгалдандыру жұмыстарын тұрақты қолға алады. ERG құлан мен Пржевальский жылқыларын Қазақстанда қайтадан таратуға бағытталған «Алтын дала» жобасына да қолдау көрсетеді. Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Қазақстан флорасы мен фаунасының сирек кездесетін түрлерін сақтауға септесіп, Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігін сақтау қорына қолдау көрсетеді.

– Қоршаған ортаны қорғау тек экология ғана емес, біздің балаларымыздың келешегіне де жанашырлығымыз. Еуразиячлық Топтың ұжымы мен басшылығы әрдайым қоршаған ортаға қамқорлық таныта отырып, бір-біріне деген ықылас мен жауапкершілігін айқын аңғартады. Компаниямыздың бүгінгі игі ісі еліміздің ерекше қорғалатын аумағындағы  биологиялық алуан түрлілікті сақтаудың тағы бір қадамы болсын, – деді Еуразиялық Топтың қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Талғат Төребеков.  

2018 жылы Еуразиялық Топ қоршаған ортаны қорғау шараларына 13,5 млрд теңге инвестиция құйған. 2019 жылы ҚР «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында Топ бұл мақсаттарға 16,6 млрд теңге шамасында инвестицияя жұмсауды жоспарлап отыр.