Назад

«Қазақстан алюминийі» АҚ-ында электрсүзгілерін алмастырудың теңдессіз бағдарламасы ісе асырыла бастады

15.07.2019

Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ күйежентектеу цехындағы газ тазарту жабдықтарын кезең-кезеңімен алмастыра бастады. Бұл бастама Еуразиялық Топтың атмосфераға шығарындыларды азайтуға бағытталған жаңа Стратегиясының маңызды қадамы. Оны жүзеге асыруға компания 200 млн еуродан астам қаражат жұмсамақ.

Павлодар алюминий зауытында ауаға шығарылатын шаң мөлшерін азайту үшін электр сүзгілерін ауыстыруға бағытталған экологиялық жобаның белсенді кезеңі басталды. Шілденің басында кәсіпорындағы №1 күйежентектеу пешіндегі электр сүзгісін демонтаждау басталған. Ауқымды жобаға тыңғылықты әзірлік осыдан 2 жыл бұрын басталған болатын. 

 – Қоршаған ортаны өнеркәсіптің кері әсерінен қорғайтын әрі экологиялық тұрғыдан тиімді инновациялық технологияларды енгізу – уақыт талабы, – деді «Қазақстан алюминийі» АҚ қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы Ринат Сырлыбаев. – Павлодар алюминий зауытында жүзеге асырыла бастаған электрсүзгілерін қайта қалпына келтіру жобасы қауіпсіз әрі экологиялық тиімді өндіріске бағытталған маңызды қадам. Бұл өндіріс шығарындыларын шаңнан тазартудағы ең озық технология. Алғашқы екі сүзгі Павлодар алюминий зауытын экологиялық жаңғыртудың алғашқы бастамасы. 

Ауқымды экологиялық қайта құру ThyssenKrupp компаниясына сеніп тапсырылған. Компания өкілдері жабдықтарға диагностика жасап, қайсы тораптарды алмастыру керектігін анықтап, техникалық түйіндеме берген. Неміс сарапшылары Павлодар алюминий зауыты мамандарымен тығыз байланыста. Бұл дайындық кезеңінде туындаған түйткілді мәселелерді жылдам шешуге сеп болды.

Күйежентектеу цехындағы электр сүзгілерін кезең-кезеңімен алмастыруды көздеген кең ауқымды технологиялық қайта қарулану 10 жылға ұласпақ. Павлодар алюминий зауыты іске қосылғалы мұндай кең көлемді шара алғаш қолға алынған. Кәсіпорын экологтары жаңа жабдықтың тиімділігі 99,99% боларына сенімді. Әрі ол шығарылатын түтін газдарындағы ластаушы заттар концентрациясына мониторинг жүргізіп, оны басқаруға сеп болатын заманауи автоматты жүйемен жабдықталмақ. Тек биыл іске асырылатын 2 сүзгіні қайта қалпына келтіру нәтижесінде атмосфераға шығарындылар құрамындағы қатты бөлшектерді жылына 2400 тоннаға азайтуға мүмкіндік тумақ.  

Әлемде мұндай 40 сүзгі жұмыс істеп тұр.  Мәселен, Villaluenga (Испания) зауытындағы көмір жағатын және цемент пештерінде. Италиядағы диірмен және т.б. Ал, Қазақстанда мұндай сүзгілер өнеркәсіп кәсіпорындарына алғаш рет пайдаланылып отыр.

Осы орайда, Топтың жаңа экологиялық Стратегиясы ERG кәсіпорындарындағы қатты заттар шығарындыларын айтарлықтай азайтып, Еуропа Одағы елдерінде қабылданған ауа сапасын стандарттарының сақталуына сеп болатынын айта кеткен абзал. Ауқымды жұмыс Павлодар алюминий зауытының күйежентек цехындағы сүзгілерді ауыстырумен шектелмей, «Қазақстан алюминийі» АҚ ЖЭО-ында күлді ұстап қалатын жабдықтар орнатпақ. Қазіргі жарақтың орнына тиімділігі жоғары жеңді сүзгілер жеткізіледі. ССКӨБ, ЕЭК пен Қазхром кәсіпорындарындағы сүзгілер де алмастырылады.