Біздің жаңалықтарымызға жазылыңыз



Біз сайтымызды пайдаланушылармен өзара әріптестіктің сапасын жақсартып, оның мазмұнын дербес ету үшін cookie файлдарын пайдаланамыз. Біздің веб-сайттың баптауларын өзгеріссіз пайдалана отырып, Сіз біздің cookie файлдарын пайдалануымызға келісім бересіз. Осы cookie файлдарын біз қалай пайдаланатынымыз туралы қосымша ақпаратты мына жерден табасыз.

Павлодарлық «Майдан жолы» іздеу жасағы Ұлы Отан соғысында опат болған жерлес-батырлар рухына Кингисепте ескерткіш орнатты

08.05.2019
Павлодарлық «Майдан жолы» іздеу жасағы Ұлы Отан соғысында опат болған жерлес-батырлар рухына Кингисепте ескерткіш орнатты

«Майдан жолы» іздеу жасағы Еуразиялық Топтың (ERG) халықаралық патриоттық «Батырлар жолымен» – «Дорогой славы» жобасының мерейтойлық миссиясын аяқтады. Жасақ биыл Ресейдің Ленинград облысы аумағына аттанған болатын. Экспедиция Ленинградты қоршаудан азат өтудің 75 және ERG-дің 25 жылдығына орайластырылған.  

Құрамына «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ қызметкерлері енген «Майдан жолы» іздестіру жасағы сәуірдің 30-ы күні кезінде Қазақстанда жасақталған 314-ші атқыштар дивизиясының жорық жолымен, шайқас алаңдарына аттанған болатын. Осы орайда жасақ құрамына Еуразиялық Топ құрамындағы тағы бір кәсіпорын ­­– «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ қызметкері де қосылғанын айта кеткен жөн. Және де осы Өмірбек Қожахметов пен Павлодар Мемлекеттік педагогика университетінің өкілі Әлібек Қабылдинов іздеу жұмыстарының екінші күні Гойтолово ауылы маңынан майдан даласында қалған белгісіз солдаттың денесін тапты. Сарбаз әуе шабуылы кезінде оққа ұшқан деген болжам бар. Қасынан жеке заттары – ас қасығы, ұстарасы, қайыс белбеуінің қалдықтары табылған. 

Іздеу жасағы Киров ауданындағы Ұлы Отан соғысында жермен жексен етілген Гайтолово мен Тортолово ауылдарының арасында қалған сарбаздарды іздестірді. Жасақ сапында ҚЭЗ бен ССКӨБ-тен бөлек, Павлодардағы қала мектептерінің ұстаздары және коллеждің бастапқы іскери дайындық пәнінің оқытушысы, жалпы білім беретін №18 орта мектептің оқушылары да бар.

ERG-дің жобасы аясында осы Ленинград облысының енді бір ауданы – Кингисепп қаласында кезінде Ленинградтың қоршауын бұзып берген қазақстандық жауынгерлер рухына орнатылған гранит ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Осы маңдағы ұрыстардағы ерекше ерлігі үшін 314-ші атқыштар дивизиясына кезінде «Кингисептік» деген ат да қойылған. Ескерткіш түбіне жасақ мүшелері туған жердің бір уыс топырағы салынған капсуланы да қоса көмді. Ол кезінде осы дивизия сапына әскерлер аттанған Павлодардағы бұрынғы теміржол вокзалы маңынан алынған.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының делегаттары қатысты.

– Шараға жастар, мектеп оқушылары мен өскелең ұрпақ өкілдерінің молынан қатысқаны бізді қуантады. Өйткені, осының бәрі келешек ұрпақ жадында сол сұрапыл жылдарды жаңғырту үшін жасалып жатыр, – деді Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісінің кеңесшісі Дәурен Дияров. – Осында келіп, Отан үшін от кешкендерді еске алып тұрыңыздар! Өйткені, шын батырлар суретте салынған супермендер емес, Сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жанын қиған қарапайым адамдар. Олар Сіздер мен біздердің алаңсыз, ашық аспанымыз үшін жан берді. Осы орайда мен Еуразиялық Топқа іздеу қозғалысына көрсеткен қолдау мен осы жобаны жүзеге асырғандары үшін зор алғыс айтқым келеді.

– Бүгін Кингисепп үшін шын мәнінде маңызды да мәнді оқиға,– деп атап айтты Кингисепп губернаторы, әрі Кингисепп ауданы әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Елена Антонова. – Ұлы Отан соғсына байланысты тағы бір маңызды орын ашылды. Ол көпұлтты алып Отанның адамдары тілі мен дініне қарамай, ортақ жауға қарсы тұрып, оны Берлинге дейін бірге тықсырғанын айшықтап тұратын болды. Мен осы үшін де қазақстандық достарымызға зор алғыс айтамын. Осындай бастаманы көтергендері үшін, қаланы жаудан азат етудің 75 жылдығы қарсаңында оны тыңғылықты іске асырғандарыңыз үшін Сіздерге мың да бір алғыс!

 – Қоршауда қалғандарға алдымен жыр алыбы Жамбыл «Ленинградтық өренім» атты өлеңімен дем бергені аталып өтілді салтанатты ашылу барысында оқылған Еуразиялық Топтың Басқарма Төрағасы Серік Шахажановтың құттықтау алғы сөзінде. – Сол тұста – «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің…» деп келетін жүрек жарды жыр қамқорлық пен жанашырлықтан туып, жау қоршауында жасыған жұрттың жүректеріне жетіп, жігерлерін жаныды. Расында, сол Жамбылдың жерлестері – 314-ші атқыштар дивизиясының сарбаздары Ленинградты жау қолынан азат ату үшін тура мағынасында жан алып, жан берісті. Кескілестен ұрыстарда жанқиярлық танытып, жеңіс туын желбіретті! Сондықтан мұнда гранит ескерткіш орнатып, оны салтанатты түрде ашу Кингисепп пен Ленинград қаласын азат етудің 75 жылдығын мерекелеу аясындағы маңызды оқиға. Біз бұл ескерткіш Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктің белгісі ретінде ұзақ жыл тұрарына сенімдіміз. Топ басшылығы атынан ортақ тарихымыз мен кемел келешегіміз үшін бұл бастама жалғасын табатынын айтқым келеді. Біздің жобаға қолдау көрсеткені үшін Ленинград облысының Киров және Кингисепп аудандық әкімшіліктеріне алғыс айтамыз. Сауапты істе бізге қол үшін берген іздеушілерге, көмек қолын созған қала тұрғындарына да зор құрмет, ілтипат білдіргіміз келеді.   

ERG-дің «Батырлар жолымен – Дорогой славы» жобасы аясында ресейлік іздестірушілер көмегімен «Майдан жолы» іздестіру жасағы 10 жылда ұрыс даласында қалған 240 белгісіз солдатты тауып, арулап қайта жерледі. Ресей, Украина мен Қазақстан аумағында батыр-жерлестеріміздің рухына 16 ескерткіш, стеллалар, бюсттер мен мемориалдық тақталар орнатылды.

Жаңалықтармен бөлісіңіз: