Назад

«Майдан жолы» жасағының жауынгерлері ERG-дың «Батырлар жолымен – Дорогой славы» жобасының мерейтойлық бағдарламасын таныстырды

05.04.2019

Ленинградтың қоршаудан азат етілуінің 75 жылдығына арналған 2019 жылдың мерейтойлық миссиясының шеңберінде «Майдан жолы» іздеушілер жасағы сәуірдің аяғында 314-ші атқыштар дивизиясының соғысқан жерлеріне сапар шекпек. Дивизия жауынгерлерінің 75 пайыздан астамы Солтүстік Қазақстанның тұрғындары болатын. Көп ұлтты жеке құрам қазақ, орыс, беларус, татар, армян және басқа да ұлттың өкілдерінен тұрды. Дивизияның жанкешті сарбаздары 1941-1942 жылдардың қаһаған қысында неміс және фин әскерлеріне Ленинград төңірегіндегі блокаданың екінші орамын ашуға жол бермей, кейін оны біржола азат етті.

– Биыл біз ұрыс жүрген аумақтарда сарбаздардың сүйектерін іздестіреміз. Сонымен қатар, қасиетті жерге Кингисепп қаласының қираған ғимараттарының қабырғасы бейнеленген қызыл-қоңыр граниттен ескерткіш белгі орнатамыз, – деді «Майдан жолы» жасағының командирі Александр Шитов.

Гранит ескерткіштің орнатылуы бір символикалық әрекетпен қоса жүрмек. Іздеушілер бұрынғы Павлодар темір жол вокзалының ғимараты орналасқан жердің бір уыс топырағын металл капсулаға салып, ескерткіштің іргетасына орналастырмақ.

Осы жолы жасақшылар Павлодардағы ескерткішті де қайта қалпына келтіреді. Яғни соғыста қаза тапқан павлодарлықтардың басты символы – «Отан үшін құрбан болған» ескерткішінде жазда жөндеу жұмыстары басталады. Көпшілікке бұл ескерткіш «Жалғыз сарбаздың ескерткіші» деген атаумен танымал. Дәл осы жерден сонау 1941 жылы 46 мың жерлесіміз Отан қорғауға аттанды, оның тең жартысы қайта оралмады. Жаңартылған монументті 22 маусымда Еске алу және аза тұту күнінде ашу жоспарланып отыр.

«Батырлар жолымен – Дорогой славы» жобасының қатысушылары павлодарлықтармен кездесуде маңызды патриоттық миссияны жүзеге асыру барысында алған әсерлерімен бөлісті. Айтпақшы, «Майдан жолы» жасағының құрамы жаңа мүшелермен толықты. 2019 жылдың экспедициясына «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ қызметкерлері, қала мектептерінің тарих мұғалімдері мен колледждердің бастапқы әскери даярлық оқытушыларынан бөлек №18 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары қатыспақ. Сондай-ақ іздеушілердің құрамында биыл Еуразиялық Топтың тағы бір кәсіпорны – «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ қызметкері де бар.

Жасақ Ресейге 20 сәуірде аттануды жоспарлап отыр.