Назад

Рудныйлықтардың жолдағы қауіпсіздігіне «Жаяу жүргінші торы» септеспек

04.02.2019

Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің бастамасымен Рудныйда «Жаяу жүргінші торы» атты екі ақпараттық-ескертпе құралы орнатылды. Олардың басты мақсаты – тұрғындардың қала жолдарын кесіп өту кезіндегі қауіпсіздігіне септесу.

– Жаяу жүргінші жолында қозғалыс датчиктерін орнаттық, – деп түсіндірді Рудный қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Олжас Өмірзақов. – Жаяу жүргінші датчиктің әрекет ету аумағына енгенде сигнал жанып, түнгі уақыттың өзінде айнала күндізгідей жап-жарық болып кетеді. Сол себепті көлік жүргізушілері адамды көріп, жылдамдығын азайтады.

Осы орайда «жасыл технологиялардың» көп көмегі тиді. Құралға орнатылған жарықтандыру қондырғысы қуат жинақтай алатын күн батареяларымен жұмыс істейді.

«Жаяу жүргінші торы» ақпараттық-ескертпе құралы – автомобиль жолын кесіп өту кезінде адамның қауіпсіздігі үшін әзірленген эксперименттік жоба. Күн батареялары мен камералар трассада болып жатқан барлық іс-әрекеттерді жүз пайыз бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінде барлығы екі құрастырылым жобаланып, сатып алынды. Инфрақызыл датчигі бар бір құрылғы қаланың халық көп жүретін орталық көшесінде іске қосылса, екіншісі жөндеу-механикалық зауытына қарама-қарсы беттегі өнеркәсіп аумағына зонада орнатылып жатыр.

«Жаяу жүргінші торы» ақпараттық-ескертпе құралы – облыс жолдарындағы алғашқы сынама нұсқа. Оның жұмысы қажеттілікке орай түзетілетін болады. «Жаяу жүргінші торының» қызметін талдау үшін Рудныйға жаңашылдықтың авторлары – «ANGEL ZEBRA» ЖШС қызметкерлері Данияр Ахаев пен Әлихан Рахымбеков келмек. Олардың басты міндеті – кемшіліктерді анықтап, түзету. Пилоттық жобаны Қазақстанның басқа да қалаларында қолданысқа енгізу үшін ол қатесіз жұмыс жасау керек. Қалалық полицейлер осы қалпының өзінде құрылғы жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтарына сенімді.

Жобаны жүзеге асыруға Eurasian Resources Group пен Қостанай облысы әкімдігінің арасында жасалған өзара ынтымақтастық жөніндегі Меморандум бойынша14 млн-нан астам теңге бағытталған. Бұл құжатқа 15 жылдан бері қол қойылып келеді. Дәстүрге орай қаржы аймақтың инфрақұрылымы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалады.