Назад

Қазақстанда болашақтың кәсіптері анықталмақ

01.02.2019

Бүгін қысқамерзімді, орта және ұзақмерзімді перспективаларда елімізде сұранысқа ие болатын мамандықтар мен дағдыларды айқындап беретін «Қазақстандағы жаңа кәсіптер атласын» әзірлеудегі әріптестік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатқа «Жаңа кәсіптер атласы» (Халықаралық жоба, Ресей), BTS Digital (Қазақстанда жобаны жүзеге асырушы) мен Еуразиялық Топ (ERG) қол қойды.

Жаңа Кәсіптер Атласы – еңбек нарығында болашақта туындайтын құбылыстарды терең түсініп, алдағы ондаған жылдар ішінде пайда болатын немесе тұрақты сұранысқа ие болып қала беретін мамандықтарды айқындауға ықпал ететін кәсіби бағдарлаудың озық құралы. Атлас әдістемесі 2014 жылы Халықаралық Еңбек ұйымы, Стретагиялық бастамалар институты мен Сколково Мәскеу басқару мектебі бірлесіп әзірлеген қабілет пен құзіреттердің технологиялық форсайтына (Skills Technology Foresight) негізделген. Әдістеменің мәні елдің ерекшелігі мен мемлекет үшін маңызды бағыттарды ескере отырып, ортақ диалогқа жұмылдырып, болашақтың тұғырнамасын түзетін түрлі сала сарапшыларының өзара ықпалдастығы мен интеграциясы.

Ресейдегі алғашқы «Жаңа кәсіптер атласы» 2014 жылы әзірленген.

–  Ресей президенті Владимир Путинге таныстыру барысында осы Жаңа кәсіптер атласының мазмұнын халықаралық аренада тарату иедясы туындады. Қазақстан бұл салада алғашқылардың бірі болып бастама көтерді.  BTS Digital-дің  ықпалдастығының арқасында біз өз тәжірибемізбен бөлісе аламыз, – деді «Жаңа кәсіптер атласы» жобасының жетекшісі Дмитрий Судков. – Атлас құрастыру  – шығармашылық шабыты шалқыған әрі бұл іске шын бекінген білікті команданы қажет ететін сан қатпарлы ауқымды іс. Абырой болғанда біздің әріптестеріміз бар ынтасын сарқа жұмсап, қысқа мерзімде Rapid Foresight әдістемесін меңгеріп қана қоймай, қос   форсайт-сессияда емтиханынан сүрінбей өте алған білгір команда топтастыра алған. Сондықтан, қазақстандық әріптестерімізге «форсайтинг», яғни «болашақты болжай» ойластыру тәжірибесі және болашақтың сұлбасын құрудан жүрексінбегені үшін алғыс айтқымыз келеді. Әрі серпінді серіктестікке сенім артамыз.

Ал, Қазақстандағы алғашқы халықаралық форсайт-мектеп «BTS Digital» ЖШС негізінде қаңтар айында ұйымдастырылды.

– Осындай шараға қолдау көрсете отыра біз түрлі салалар, жобалар мен нарықтар, өнімдердің дамуына қатысты болжамдар мен ілгерілеу бағыттарын айқындай аламыз, – деп атап айтты BTS Digital Бас директоры Алмас Утегулов.

– Арнайы әдістеме және сарапшылардың пікірі негізінде Қазақстан экономикасының бірқатар салалары бойынша «Болашақтың сұлбасы» түзіледі, – деді BTS Digital компаниясы оқыту орталығының жетекшісі Саясат Нұрбек. – Өз кезегінде бұл белгілі бір салалардың қалай өзгеретінін, қандай жаңа технологиялар келерін елестетуге сеп болады. Мұндайда, қай кезеңнен бастап белгілі бір кәсіптерге сұраныстың кеміп кетерін, осылайша кәсіптік өзі ескіре бастайтынын болжауға болады.

Компания бүгінде алғашқы тапсырыс берушіні де тауып қойыпты.  Еуразиялық Топ тау-кен металлургия саласына мамандар даярлауға қажетті кәсіби бағдарлау Атласына тапсырыс берген. 

– Біз еңбек нарығының келешегіне қатысты зерттеу жұмыстарын жіті бақылап отырмыз, –  деді  Еуразиялық Топ басқарма төрағасының персонал және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Инна Губарева. – Әрі біздің саладағы жаһандық бәсекелестік біздің өзгерістерге итермелейтінін де жете түсініп отырмыз. Болашақта туындайтын қатерлерге төтеп беру үшін еңбек нарығында келешекте сұранысқа ие болар қандай жаңа кәсіптер пайда болатынын білуіміз керек. «Жаңа кәсіптер атласы» осы міндеттер үдесінен шығады. Мәселен жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде Мемлекет басшысы елде бос жұмыс орындары бола тұра, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды игергендер жетіспей жатқанын атап айтты. Міне, Еуразиялық Топ осы түйткілдің  күрмеуін шешу қамында жұмыс істеп жатыр. Жастар әрдайым біздің жіті назарымызда. Мәселен кадрлық резерв негізінен перспективалы жастардан жасақталады. Тау-кен металлургия саласы мамандарының беделін арттырып, мектеп оқушыларын кәсіби бағдарларлау үшін білім ұяларында кешенді шаралар өткізіліп, ERG кәсіпорындары аймақтағы колледждер мен жоғарғы оқу орындары студенттерін іріктеп алып, кейін жұмысқа қабылдап келеді. Осылайша «мектеп қабырғасынан зейнеткерлікке дейін» қағидасы бойынша кәсіпорындардағы буын алмастығы қамтамасыз етіліп, Топ қажетті жоғары кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз етіліп отыр.

Саясат Нұрбек осы орайда жастар өмірлік кәсібін таңдағанда көбіне жақындары мен таныстарының жеке пікірлеріне құлақ асып, немесе нарықтағы қысқамерзімді трендтер негізінде шешім қабылдайтынын айтты.

– Біз ірі жұмыс берушілір мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесе, тығыз жұмыс істеуін кәсіптер Атласы әдістемесімен үйлестірсек, еліміздің барлық тұрғындарын кәсіби бағдарлаудың нық тұғырнамасын түзуге болатынына сенімдіміз, – деді ол. – Сайып келгенде біз еңбек нарығында бар мамандарға қандай дағдыларды үйрету керектігін білетін боламыз. Қолжетімді әрі қолданбалы мәні бар алдын ала  маман даярлау құралына ие боламыз.