Назад

kostanaytany.kz 29.10.18 – Көптен күткен «Rudny Cinema»

31.10.2018

Бұдан былай әлемдік және отандық жаңа кинотуындыларды тамашалау үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ. Тамаша мүмкіндікті тұрғындарға «ССКӨБ» АҚ сыйлап отыр. Бүгінде рудныйлық кинотеатрды еліміз бойынша үздіктердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені оның құрылысына Қостанайда алты залдық «ZODIAC Cinema» орталығын салған «БК Строй» компаниясының мамандары шақырылды. Әрқайсысы 107 орынға шақталған екі залда мүмкіндігі шектеулі жандарға да арнайы орындар қарастырылған. 2D және 3D форматтарын көрсете алатын «BARCO» кинопроекциялық жабдығы Бельгиядан, «DOLBY» дыбыстық жүйесі АҚШ-тан әкелінген. – Құрылысқа заманауи акустикалық және дыбыс өткізбейтін материалдар қолданылды. Яғни екі залда бір мезгілде фильм жүріп жатса да еш бөтен дыбыс сезілмейді. Қазіргі таңда қазақ және орыс тілдерінде он шақты премьераны көрсетіп жатырмыз. Билеттерді алдын ала кассадан және телефон арқылы тапсырып беруге болады, – «Rudny Cinema» кинотеатрының басқарушысы Айбек Ақанов. Өткен ғасырдың аяғында кеншілер қаласында бес бірдей кинотеатр жұмыс істейтін. Алайда техника мен технологияның дамуына орай халық сүйікті фильмдерін үйден шықпай-ақ тамашалауға көшті. Кесірінен қалада кинозалдың біреуі де қалмады. Осыны ескерген кинопрокаттаушы компаниялар техниканың соңғы жетістіктерін игеріп, халықты қайта өзіне тартты. – Қызығушылық мониторингісінің қорытындысы бойынша тұрғындардың басым бөлігі өз қаламызда кинотеатр болғанын қалайтынын анықтадық. Енді міне, көптен күткен демалыс орталығына қол жеткізіп отырмыз. Бұл жер рудныйлықтардың достарымен, отбасыларымен демалатын сүйікті орнына айналатынына сенімдімін, – деді лентаны кескен қала әкімінің орынбасары Елена Скаредина.

дереккөзі