Назад

Қызметін биыл бастаған Қазақстанның Люксембургтегі Мәртебелі консулдығы тұңғыш рет Тәуелсіздік күнін атап өтті

06.12.2019

Қызметін биыл бастаған Қазақстанның Люксембургтегі Мәртебелі консулдығы тұңғыш рет Тәуелсіздік күнін атап өтті

Қазақстанның Тәуелсіздігі күніне арналған «Kazakhstan Independence Day» салтанатты қабылдауын Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Қазақстан Республикасының Мәртебелі консулдығы мен Қазақстан Республикасының Белгия Корольдігіндегі Елшілігі бірлесе ұйымдастырды. Іс-шараға бас кеңсесі Люксембургте орналасқан, табиғи ресурстарды өндіру мен байыту саласындағы жетекші халықаралық компания Eurasian Resources Group (ERG) қолдау көрсетті.

Қабылдауға Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Елшісі Айгүл Құспан, ERG Бас атқарушы директоры әрі Қазақстанның Люксембургтегі Мәртебелі консулы Бенедикт Соботка, сонымен қатар дипломатиялық топтардың өкілдері, ERG, елшілік пен консулдықтың қызметкерлері, Люксембургте тұратын Қазақстанның азаматтары қатысты.

– Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орайластырылған салтанатты қабылдауда сіздерді қарсы алу мен үшін үлкен мәртебе. 1991 жылдың 16-шы желтоқсанында әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Содан бері біз қарқынды дамитын орнықты мемлекет қалыптастыру қамында қажымай еңбек етіп келеміз. Экономика мен кең ауқымды модернизация жетістіктерінің арқасында, Қазақстанда жоғары әлеуметтік кепілдіктер мен халық әл-ауқатының өсімі қамтамасыз етілді, - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Елшісі Айгүл Құспан қабылдаудың ашылу рәсімінде. – Еліміз Люксембургпен экономикалық және технологиялық серіктестікке әрдайым ашық. Елшілік пен Құрметті консулдық әсіресе Люксембург өзге елдерден озық тұрған салаларда өзара тиімді экономикалық байланыстардың орнауыына барынша септесуге дайын,- деді ол сөз соңында.  

Айгүл Құспан Мәртебелі консул мен ERG ұжымына іс-шараны ұйымдастыруға ат салысқаны үшін алғыс білдіріп, ERG Қазақстан мен Люксембург арасында бизнес саласында әріптестікті дамытуға зор үлес қосатынын атап өтті.

– Биылғы жыл біз үшін ерекше. Біз Мәртебелі консулдықты салтанатты түрде аштық. Біздің компаниямыздың Люксембургтегі қызметіне бес жыл толды, ал біздің Қазақстандағы бизнесімізге – 25 жыл. Қазақстан біздің компаниямыздың орталығы және солай болып қала бермек. Біз үшін Қазақстанның бизнес мүддесіне Люксембургте және бүкіл Еуропада жұмыс істеу үлкен мәртебе. Қазақстан мен Люксембург бизнес өкілдерінің Қазақстанға деген қызығушылығын көруге мен ерекше қуаныштымын және маған жүктелген мәртебелі консул қызметінің аясында өз тәжірибеммен қуана бөлісемін, – деді Қазақстанның Люксембургтегі Мәртебелі консулы Бенедикт Соботка.

Жиында екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жетістіктері туралы бейне баян көрсетілді және Қазақстан мәдениеті кең ауқымда таныстырылды. ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері өз өнерлерімен тамсандырды. Ферроқорытпа балқытушы Әмірхан Қадір, ұнтақтаушы Айсұлтан Тауманов пен өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі маман Ғанибек Есенжолов домбырада танымал күйлерді тартты. Топтың корпоративтік іс-сапарлар жөніндегі менеджері Айнұр Арашапова қазақ халық әндерін шырқады. Қазақстан азаматтарынан құралған Австриядан келген симфониялық «Артель» квартеті Люксембургте тұңғыш рет қазақ композиторы Қуат Шілдебаевтің бірінші аспапты квартетін орындады.

Жиналған қауымға қазақ ұлттық тағамдары мен тәттілері ұсынылды. Іс-шара өткен орында орнатылған киіз үйдің керегесі жиналған қауымның үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстандық жас талантты фотограф Оспан Әлидің туындылары Қазақстан астанасының ерекше сұлулығы мен қазақ ұлттық мәдениеті мен тұрмысын көрсетті.

Қазақстанның мәртебелі консулдығы 2019 жылдың қаңтар айында өз қызметін бастады. 2019 жылдың 12 мамырында консулдық Люксембургтің Премьер-министрі Ксавье Беттельдің қатысуымен болған ERG Ұлы Герцогтігіндегі офисінің бес жылдығына арналған жиында салтанатты түрде ашылды. Осы жылдың ішінде Қазақстан мен Люксембургдің арасындағы мәдени және бизнес қарым-қатынастардың дамуына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Алғаш рет Наурыз мейрамы А. Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен «Аққу» би ансамблінің концертімен атап өтілген. Қыркүйекте ERG Франциядағы Қазақ киносының тұңғыш фестиваліне демеушілік көрсетті. 2020 жылдың 22 және 23 наурызында «Наурыз» мейрамын атап өту және алдағы жылы мәдениет пен бизнес әріптестіктің дамуына арналған көптеген шаралар жоспарланған.