Назад

ERG Назарбаев Университет студенттері арасынан болашақ қызметкерлерін іздейді

20.09.2019

Қыркүйектің 19-і күні Назарбаев Университетте ERG күні өтті. Шараның мақсаты – Eurasian Resources Group кәсіпорындарындағы өндірістік мамандықтар бойынша бос орындарға талантты жас мамандарды тарту. 

Кездесу Тау-кен ісі мен Жер туралы ғылым мектебінің (геология, тау-кен ісі), Инженерия мен цифрлық ғылымдар мектебінің (машина жасау, энергетика, информатика, мехатроника, робототехника мен химиялық инженерия) бакалавриаты мен магистранттарына қонақ дәрісі түрінде өтті.

ERG-ден келген қонақ ретінде Eurasian Resources Group-тің геотехникалық жұмыстар жөніндегі менеджері Әсел Қоянбаева мен тау-кен ісін жоспарлау жөніндегі инженері Абай Нұрланов, энергетика депертаментінің менеджері Әлімжан Тілеумағамбетовтар дәріс оқыды. 

Топтың сарапшылары ERG-дің тау-кен ісі мен энергетика салаларында қолға алған жобалары жайлы кеңінен әңгімелеп,  студенттерге нақты өндірістік кейстерді таныстырған. Әрі осы жобаларды одан ары шыңдауда әріптесе жұмыс істеуге шақырды.

– Біз қазір тау-кен металлургия саласын әлемдік форматқа сай қарқынды дамытып жатқандықтан қазір ағылшын тілін жетік меңгерген студенттерді тартуға мүдделіміз. Тап қазір нақты өндірістегі тартымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Әрі оған жас мамандарды жұмылдыруға әзірміз, – деді ERG-дің геотехникалық жұмыстар жөніндегі менеджері Әсел Қоянбаева.

ERG-дің Персонал мен әлеуметтік мәселелер блогының мамандары Топ кәсіпорындарының бәсекедегі басты артықшылықтарына тоқталып, алдағы жылдары даму бағыттарын ашып айтты. Қатысушылар «ERG-дегі болашақ» бағдарламасымен жете танысқан. Топ осы бағдарлама аясында студенттер және түлектермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Оның үстіне, әр кәсіпорында жастар кеңесінің қызметі жолға қойылған. «ERG-дегі болашақ» бағдарламасының артықшылықтары: ақылы тәжірибе мен тағылымдама, жас маманға жеке тәлімгер немесе жетекшінің бекітілуі, жұмысқа орналасу мүмкіндігі, қызмет сатысымен өрлеу жоспарын әзірлеу мен кадрлық резервке алыну сынды басым бағыттар баса айтылды. 

Естеріңізде болса, осындай шаралар 2019 жылғы сәуірдің 22-сі күні Еуразиялық Топ кәсіпорындары орналасқан қалалардағы 23 жоғарғы оқу орны мен колледждерде өткізілген болатын. Оларға ERG кәсіпорындары жұмыс істеп тұрған қалаларда білім алып жүрген 1 700 жас қатысқан.