Назад

ERG кәсіпорындары Өндірістік жүйені енгізе бастады

10.09.2019

Өндірістік жүйені (ӨЖ) енгізу жобасы енді Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі мен «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытына таратылмақ.

ERG WAY аталған Өндірістік жүйені енгізудің пилоттық жобасы алдымен 2019 жылдың сәуір айында Ақсу ферроқорытпа зауытының 6-шы цехында қолға алынды.

– Біз үшін Өндірістік жүйе – тиімділікті біртіндеп, үздіксіз арттыру мүмкіндігі. Яғни аз шығындармен көбірек өнім өндіру, – деді Eurasian Resources Group Директорлары Кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. – Біз тыңнан бірдеңе ойлап тауып, оны қызметкерлерімізде сынап жатқан жоқпыз. ERG WAY жапониялық озық компанияларда ондаған жылдар бойы жетілдірілген ұқыпты өндіріс құралдары мен осы салада жинақталған білімге негізделген. Әрі бұл шектеулер теориясы батыс компанияларының операциондық менеджментінің тірегі. Ең бастысы – ERG қызметкерлерінің жылдар бойы табанды еңбекпен жинақталған жеке тәжірибелері.

Осы орайда Өндірістік жүйе қолға алынғанға дейін Топ құрамындағы әр кәсіпорында тиімділікті арттыруға бағытталған жеке жүйелері де болғанын айта кеткен жөн. Тек бұл істе бірізділіктің болмауынан әріптестеріміздің оң тәжірибелерін танып, қателіктерінен сабақ алу мүмкін болмай келген. Білім, құралдар, әрекет ету мен ықпалдасу модельдері сынды барлық құрамдас бөліктерді түгел біріктіре отырып, компания кәсіпорындары толыққанды бағдарлама түзді.   

Өндірістік жүйенің пилоттық жобасы компания қызметкерлеріне инвестиция құюдан басталған. Оны енгізу командасы Ақсу ферроқорытпа зауытындағы барлық кәсіпорын басшыларына, цех пен учаске бастықтарына Өндірістік жүйе негіздерін оқытты. Бұл көзқарас қазірден өз тиімділігін танытып, нәтиже бере бастаған.

– Біздің міндет– ұқып бола отырып, еңбек пен тиісті процестерді барынша ойластыра отырып, еңбек пен жабдықтың тиімділігін қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастыру, – деді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов. – Қызметкерлерді жұмысты  жетілдіру ісіне кеңінен жұмылдырмайынша осының бәрін атқару мүмкін емес. Осы орайда біздің қызметкерлердің Өндірістік жүйе артықшылықтарын жете танып, өзгеріске дайын екендігі мені қуантады.

Қазіргі таңда компания қызметкерлерін ортақ мақсат біріктіреді. Ол – тек табыс әкелу, инвестициялардың қайтары мен айналым қаражатын ұлғайтумен шектелмей, аймақтарды дамыту және өнімнің түпкі тұтынушысының қамын ойлау арқылы құндылық әкелу. Компаниядағылар осы Өндірістік жүйе – оның барлық құрамдас бөліктері, кәсіпорын қызметкерлерінің әрекет ету мен ықпалдастық моделі қойылған міндет үдесінен табылуға септесеріне сенімді.

- Өндірістік жүйені тарату жобасы күнделікті атқарып жүрген әдеттегі күйбең жұмысқа  жаңаша қырынан көз жүгіртуге мүмкіндік берді. Кәсіпорын өзгеріске даяр. Жүйенің кейбір құрал-тәсілдері бұрыннан бар-тын. Тек осындай кең көлемде пайдаланылмады демесек. Төрт айда атқарылған жұмыс аз емес, алдағысы одан да ауқымды,- деді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьев.- Міндетіміз тек қызметкерлерді оқытып қана қоймай, оның не үшін қажет екенін жете түсіндіру. Оның қызметкерге берер пайдасын көрсету. Барлық қатысушылар ортақ мақсатқа жұмылғанда ғана Өндірістік жүйе тиімді болмақ. Бұл тек шығынды азайту емес, бәсекеге қабілеттілігімізді арттырудың бірден бір жолы.