Назад

ERG – Қазақстандағы өнеркәсіп компанияларының арасынан алғашқы болып халықаралық «Жасыл кеңсе» жобасын қолдады

04.06.2019

Меморандум аясында ERG компаниясы «Жасыл кеңсе» жобасын қолдауды ұйғарды. 2008 жылы пайда болған бастама кеңсе қызметкерлеріне заманауи әрі қауіпсіз кеңістік құруды көздейді. Оның үстіне ол ресурстарды барынша тиімді пайдаланып, планетаны келер ұрпаққа сақтауға сеп болады. Қуатты барынша үнемдеп,  эргономикалық технологияларды кеңінен пайдалана отырып, адам мен қоршаған ортаға тарайтын экологиялық шығарындыларды мүмкіндігінше азайтатын әрі қоғамдық жалпы пайдалануға арналған кеңістіктер «Жасыл кеңсе» аталады.

Мұндай кеңеселерде қызметкерлер мен келушілердің экологиялық сауатын ашып, ресурстар (электр қуаты, жылу, су, қағаз) барынша үнемделеді. Басы артық сатып алулардан бас тартып, экологиялық қауіпсіз құралдар мен технологиялар пайдаланылады. Ондағы ауа иондалып, ылғалдандырылады. Кеңістік шуыл мен электромагниттік тұмшалаудан қорғалуы керек. Тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, жеке жиналады. Әрі қайта өңдеуге тапсырылады. «Жасыл» құрылыстың стандарттары дамыған Ресей, Белорусь пен Қытайда жасыл кеңселер рейтингі мен байқаулары кең таралған.

– Қоршаған ортаны қорғау – ERG миссиясы функцияларының бірі, – деді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов. – Сондықтан тек цехтар ғана емес кеңселерде де экологияға барынша жанашырлық танытып, қоршаған ортаның сақталуына өз үлесімізді қосу маңызды.

Қол қойылған құжат тармақтарына сәйкес, Еуразиялық Топ өз кеңселері мен ғимараттарын «Жасыл кеңсе» стандарттарына сәйкестендіруге бағытталған бағдарламаның әзірленуін қамтамасыз етпек. Әрі бұл бағдарламаны ілгерілетуге септеседі. Өз кезегінде «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ Топтың осы идеяны жүзеге асыруына барынша жан-жақты көмек көрсетеді.

Осы орайда, «Жасыл кеңсе» жобасы  – 2018 жылы қабылданған Еуразиялық Топтың кең ауқымды экологиялық стратегиясының бір тармағы екенін айта кеткен абзал. Компания «жасыл» экономикаға көшуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама мен өзінің әлеуметтік міндеттемелерін атқара отырып, газтазарту жабдықтарын алмастыруға ниетті. Нәтижесінде ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорындары ауаны қатты бөлшектерен сақтауға қатысты Еуропа елдерінде қабылдаған талаптар үдесінен табылмақ. Бұл бағытта жалпы көлемі 200 млн. еуродан астам қаражат көлемінде инвестиция құйылмақ.

Оның үстіне, Еуразиялық Топ қалдықтарды қайта өңдеу бағдарламасын кеңітіп, сәйкесінше қайта өңдеуші кешендер құрылысын жоспарлап отыр.

ERG-дің астаналық кеңселерінде пайдаланылған батарейкалар мен пластикті жинап, қайта өңдеуге тапсыру сынды алуан түрлі экологиялық акциялар тұрақты ұайымдастырылады. Өткен жылы компания қазақстанлық өндірушілермен бірлесіп,  Нұр-Сұлтан қаласының бірқатар ірі сауда орталықтарында «Бүгінен баста, полиэтиленді таста» атты ауқымды акция өткізді. Күні бойы кассаларда әдеттегі сатып алушыларға полиэтиленнің орнына ыдырайтын биологиялық отандық пакеттер ұсынылды.