Назад

khabar.kz 22.05.19 – Ақтөбеде «Халықтық бақылау» жобасы жүзеге асты

23.05.2019

«Халықтық бақылау» жобасын «Қазхром» трансұлттық компаниясы жүзеге асыруда. Компанияның көздеген мақсаттарының бірі – өндірістегі қауіпсіздікті сақтау. Жаңа жобамен танысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай шаруаны өзге өңірлерде де қолға алуды тапсырды.

Гүлнәр Абитова Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 9 жыл еңбек еткен. Алайда денсаулығының сыр бергеніне байланысты жұмысты тастауына мәжбүр болады. Соңғы 4 жылда үйінде отырған мүмкіндігі шектеулі жанға жаңа жоба қайтадан нәпақа табуға мүмкіндік берді. Қызметіне кірісер алдында ол өндірістік қауіпсіздік саласындағы білімін жетілдіріп, тиісті курстардан өткен. Гүлнәр Абитова, бейнебақылау операторы: - Бұл жұмысты ұсынғанда қуана-қуана келістім. Ешқандай қиындығы жоқ. Кез келген жерде міндетіңді орындауға болады. Тәулігіне 4 сағат қана жұмыс жасаймыз. Дәрігерлер де мұндай еңбек кестесіне рұқсатын берді. Компания мамандары сырт көздің сыншы екендігімен келісіп отыр. Себебі қауіпсіздік шараларын қамтамассыз етуге тек ішкі бақылау жеткіліксіз дейді. Сондықтан бұған дейін зауытта еңбек етіп, өндіріспен етене таныс жандарды шақыруды жөн көрген. Бастапқы кезеңде 16 адам тәулік бойы кезектесіп, бақылау жүргізеді. Жүйе толығымен жүзеге асқан күні 60 адам жұмыспен қамтылады. Ғанибек Есенжолов, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өндірістік қауіпсіздік маманы: - Камера өте қауіпті аймақтар шоғырланған жерге орналасқан. Олар балқыту одан кейін дайын өнім цехында орналасқан. Ол жерде өте жоғары температураларда жұмыс жасайды. Каска, респиратор, көзілдірікті ыстық болғандықтан көбісі шешіп қояды. Бірақ өзінің денсаулығы үшін тағып жүруге міндетті. Бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жаңа белеске жеткізді десе болады. Халықаралық тәжірибеде кеңінен тараған әлеуметтік кәсіпкерліктің тағы бір көрінісі. Себебі еліміз бойынша 120 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат көпшілікпен қатар еңбек етуге қауқарлы. Бұл жайтты ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы министрлік өкілдеріне жаңа жобаны өзге де салаларда да жүзеге асыруды тапсырды.

дереккөзі: