Назад

«Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі» жобасының нәтижесі Мемлекет басшысына таныстырылды

22.05.2019

Қазақстан-Ресей жастар әріптестігі форумы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Еуразиялық Топтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі» жобасы аясында әзірленген стартаптар таныстырылды. Жоба аясында Қостанайда ERG қаражатына бой көтерген Жастар сарайында стартап-идеяларды әзірлеу жөніндегі трекатон өткізілген.

144 қатысушы бірнеше командаға топтасып, түрлі идеялар ұсынып, алуан түрлі шешімдер ұсынған болатын. Олардың ішінде: зағиптарға арналған навигациясы бар жетекші таяқ, шағын қалаларда қоғамдық дәретханалар салу мен оларды жылылау, қыста қызыдырып, жылу беретін ұлтарақ жасап шығу, қимылы шектелген жандарға арналған магнитті түймелер сынды сан саланы қамтыған ондаған жоба бар. Студенттердің осы және басқа да жобаларымен кеше ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та танысты.  

Жастармен емен-жарқын әңгімелескен Мемлекет басшысы олар ұсынған барлық идеялардың креативті әрі іске асыруға лайық екенін атап айтты. ҚР Президенті трекатонға қатысушылармен селфиге түсті.

Еуразиялық Топтың бастамасымен қолға алынған «Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі» жобасы Алматы Менеджмент Университеті және Тель-Авив университетінің Қазақстандағы достары қауымдастығымен бірлесіп іске асырылып келеді. 3 жылдан бері Еуразиялық Топ кәсіпорындары орналасқан қалалардағы 9 жоғары оқу орны мен колледж студенттері кәсіпкерлікке баулынып, стартаптарды әзірлеу мен оны ілгерілету дағдыларын шыңдады.

Жоба аясында жүздеген бизнес-идея әзірленді. Ондаған бастама жүзеге асырылды. Қостанайдағы трекатонға әбден сіңіп кеткен дақтар мен аяқкиімнің ақ түсті табанындағы кірді кетіруге арналған ысқыш, қозғалыстан күш алып, мобильді құрылғыларға қуат беретін ерекше жабдық, дауыспен басқарылатын қол протездері сынды ерекше жоба авторлары шақырылған.

ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич «Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі» – Топтың ұзақмерзімді жобасы екенін баса айтты. Ол студенттерге кәсіпкерлік саласындағы білімдерін шыңдап, дағдыларын қалыптастыруға жол ашты.

– Біздің әр қадамымыз Елбасының тапсырмасы – қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Біз ертең оқу бітірген соң осы студенттер жұмыс іздеп сабылмай, керісінше өздері жұмыс орындарын ашса дейміз. Еуразиялық Топтың бұл жобасы – біздің туған қалаларымыздың, ондағы тұрғындар мен бізге сенім артқандардың  орнықты дамуын қамтамасыз етеді,– деді ол.

Осы орайда, өткен жылы «Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі» жобасында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің аяқкиімнің ақ табанындағы әбден сіңіп қалған дақтарды кетіруге арналған ысшық жобасын ойлап тапқан студенттері жеңімпаз атанғанын айта кеткен абзал. 500 мың теңгелік грантқа ие болған команда осы жазда өнімнің алғашқы легін шығаруды көздеп отыр. Команда мүшесі Никита Савиннің айтуынша, бұл аяқкиім күтіміне арналған алғашқы қазақстандық өнім болмақ.