Назад

inform.kz 13.03.19 – Карповты жеңген жұмысшы мен Дәрмен Сәдуақасовтың ойыны қалай аяқталды

14.03.2019

Бүгін танымал шахматшы Дәрмен Сәдуақасов  командалық Әлем чемпионаты аясында арнайы сеанс өткізіп, ERG компаниясының 20 бірдей қызметкерімен қатар ойнап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың ішінде қарапайым жұмысшылар да, кеңсе мамандары да бар. Сеансқа қатысу үшін барлығы Еуразиялық топқа кіретін компаниялар арасындағы жарыстар кезінде іріктелді. Бірақ бір адам - қарапайым жұмысшы Игорь Санников  іріктеуге қатыспады. Себебі осыдан бес жыл бұрын халықаралық гроссмейстер Анатолий Карповты жеңген болатын. 

Осы жолғы сеансқа еліміздің танымал шахматшысы Дәрмен Сәдуақасов шақырылды. 24 жасында ол шахмат әлемінде аңызға айналған Виктор Корчнойды 5-3 есебімен жеңсе, бір жылдан кейін Анатолий Карповты ұтып кетті. Бүгінде Дәрмен 39 жаста. Оның айтуынша, шахматтан ашық сеанс пен жеке ойынның айырмашылығы көп. Себебі сеанс кезінде бір емес, бірнеше адамға қарсы ойнау қажет.

«Негізі, шахматшы қатар бірнеше адаммен ойнағанда өзінің барлық машықтарын пайдаланады. Ол Геннадий Головкиннің 20 боксшымен қатар жұдырықтасқанымен бірдей. Әрине, бірнеше адаммен ойнағанда көп ойлануға уақыт жоқ. Бірақ жеке тәжірибенің арқасында жылдам ойнауға мүмкіндік бар. Ал оған қарсы ойнағандарға жеңілдеу. Себебі ол бір айналып келгенше біраз ойланып алуға болады. Дегенмен, сеанс сонысымен қызықты. Бір адамда уақыт болмайды, бірақ тәжірибенің арқасында бірнеше адамға қарсы ойнай алады», - дейді Д.Сәдуақасов.

Дәрмен сеанстарға тыңғылықты дайындалып, жеңілмеуге тырысады.  Дегенмен, тең  ойындар болады, жеңілістер де жоқ емес. «Егер қарсылас шынымен де жақсы ойнаса, мен тең ойынды ұсынамын. Әрине, жеке тәжірибенің арқасында жеңуге болады. Бірақ оған көп уақыт кетеді. Сосын сеанста мықты ойнайтын адамдар да болуы керек қой. Негізі, жақсы ойнайтын адамдар болады. Мен өзім осындай сеанстар кезінде бірнеше рет ұтылдым. Бірақ ондай жағдайлар өте сирек болады. Кәсіби шахматшылардың жұмысы ауыр. Олар апта сайын 1 500-ға жуық партияны зерттеп отырады. Бұдан бөлек, дебюттік жаңалықтарды да бақылап отыру қажет. Себебі шахмат - бұл спорт әрі ғылым. Сондықтан шахматшылар үлкен аналитикалық жұмысты жасап отырады», - деп атап көрсетті Д.Сәдуақасов.

Оның айтуынша, шахматтан ашық сеанстардың өткізудің пайдасы көп. Әсіресе, балалар халықаралық гроссмейстермен ойнауға қатты қызығады. Ондай сеанстардан кейін балалар шахматқа көптеп жазылады. «Негізі, шахмат адамның бойында логика, есте сақтау, шешім қабылдау және тағы басқа маңызды қабілеттерді ұштауға көмектеседі. Шахматтың арқасында балалардың сабақ үлгерімі де жақсарады. Әлем бойынша оны факультативті пән ретінде пайдаланады. Ал кейбір мемлекеттер шахматты мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізді», - деп атап көрсетті Д.Сәдуақасов.

Бүгінгі сеансқа осыдан бес жыл бұрын Анатолий Карповты жеңген «Қазақстан алюминийі» АҚ зауытының учаске шебері Игорь Санников та қатысты. Бірақ Дәрменді жеңе алмады. «Енді, Карповпен ойнағанда сәттілік серік болды. Ол қателік жіберіп қойды. Енді, қатар бірнеше адаммен ойнаған оңай дейсіз бе? Әйтеуір, бір қателік кетеді. Сол қателік маған бұйырған шығар. Өзім шахматты 6 жастан бастап ойнаймын. Спорт шебері атағына кандидатпын. Дәрменді жеңе алмадым. Шыны керек, мықты шахматшы. Оған бүгінгі ойында тағы да көзім жетті», - деді И.Санников ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Жалпы, сеанстың қорытындысы бойынша 8 тең ойын тіркелді. Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, бүгін ауыр сеанстардың бірі болды. «Иә, бұл қиын сеанстардың бірі болды. Бірақ мен Карпов емеспін, жеңілген жоқпын. Негізі, мен екі жылда 10-15 сеанс өткізіп тұрамын. Әрине, көбінесе, балалармен ойнаймыз. Бір ретте Бас прокуратура қызметкерлерімен ойнадық. Ол кезде тең ойындар болған жоқ. Ал осы жолы жақсы сеанс болды, тең ойындар да тіркелді. Басында бәрін екі сағатта бітіреміз деп ойлағанбыз. Жоқ, бүгінгі сеанс үш жарым сағатқа созылды», - деп атап көрсетті Д.Сәдуақасов.

  Айта кетейік, бүгінгі сеанс аясында Дәрмен Сәдуақасов журналистерге  сұхбат беріп, шахматшы Бибісара Асаубаеваның Ресейден қайтып келуіне қатысты өз пікірін білдірді. «Мен өзім Бибісараның талантына тәнтімін. Әлі есімде, 6 жасында болғанда мен оны тестен өткіздім. Сол кезде оның қабілетін көріп, анасына бірден айттым. Оның бойында сирек кездесетін талант, мықты табиғи қабілет бар. Ол бір нәрсеге зейін қойып, ұзақ отыра алады. Оны «зейін концентрациясы» дейді. Дәл осы концентрацияны Бибісара ұзақ уақыт ұстап отыра алады. Негізі, әр адамның зейін қою қабілеті әртүрлі. Ал Бибісара тест кезінде өте жақсы нәтиже көрсетті. Шахматшы үшін бұл аса қажетті қабілет, аса үлкен артықшылық», - дейді Д.Сәдуақасов.

Оның айтуынша, Қазақстанда мықты шахматшы жігіттер де бар.

Алдағы уақытта Қазақстанның шахмат федерациясы ҚР Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен кездесіп, шахматты мектеп бағдарламасына енгізу мәселесін талқылауды жоспарлап отыр.

дереккөзі: